Мұса Шорманды өлімнен аман алып қалған Кенесары ханның бәйбішесі

10 Маусым, 2019 226

Шоқандай ұлтымыздың ұлына нағашылық ақыл айтқан, Потаниндей ақ пейілді достарына қазақ халқының қасиетін танытып, тамаша тәлім мен қаншама мирас қалдырған Мұса Шорманның өмір тарихын білу – бізге міндет.  Бүгінгі  мақаламызды оқып отырып, Кенесары ханның қаһарынан алып шыққан ханның бәйбішесі қандай ақылды еді дерсің!  Мұса мырзаның осылай ханның ақылды бәйбішесінің арқасында аман қалуынан қазақ жұртына қанша ғажап шарапаты тиді десеңізші...!

1883 жылы Кене хан ел еркіндігі жолында шаһит кеткен әкесі мен ағаларының орнына өзі атқа қонып, тікелей ұлт – азаттық жолындағы күреске бел буып, қайратына мінген кезі дейді. Қайраты да, қаһары да тасып тұрған 36 – 3 жастағы мүшел жасы екен.

Сол кезде Шорманның тұңғышы Мұса да баламын демей, 15 жасынан елге бас болып, 19 жасқа шығып, жаңа көтеріліп келе жатқан күн көзіндей жарқырап, шапақ шашып, қалың қауымға танылып, айтса сөзі, атқарса ісі ұнап жатқан кезі екен. Аға сұлтандық жауапкершілік лауазымы бар болғандықтан  да болар Кене ханның үстінен Омбыдағы орыс әкімшілігіне Мұсаның жазған шағым хаты ханның өз қолына түсіпті. Айғақ анық, асуға да, атуға да негіз және дәлел бар.

Жазалау үшін жіберген сарбаздары Мұсаны алып келіп, өлімге бұйырылатындарға жасалған қамау үйінде ұстайды. Ажал күтіп, тәңіріге жалбарынып жатса бір күні әлдебір жанашырдан мынадай хабар есітеді: Кене ханның бәйбішесі отағасына шай беріп, көңілі жай болып, дастарқан басында отырғанында: «Хан ием! Мұса өлімге қияр бала емес қой!» депті. Сүйікті зайыбының бір ауыз байсалды сөзіне құлақ асқан ақылды хан жас Мұсаны өз алдырына әкелдіріп: «Неге менің күресіме қарсы болдың? Дәлелдеп шыныңды айт»,- дегенде дәлелдеп отырып ол шындығын өзіне бетпе – бет ашық айтқан соң Мұсадан ол: «Осы жазадан босатсам, не қылмақ арман – мұратың бар?»-деп сұрағанда 19 жасар Мұса: «Еліме еңкейгенше қызмет ету» деген екен.

Осыдан соң болашақта Мұса мырза Шорманов атанған жас Мұса, бүкіл қазақ жұртына үлгі – өнеге, ұлтшылдық ұлағат танытып, шарапатын тигізді. Ертістің бүкіл сол жағындағы ұлан – ғайыр қырға, Есіл, Нұра аралығында соның ықпалымен еуропалық озық үлгі, өнеге - ғылым енді.


Дайындаған: Досжанова Рысгүл

Пікірлер(0)

Пікір қосу