Қырғызстандағы қантөгіс қазаққа сабақ бола ала ма?

12 Маусым, 2019 176

90-жылдары КСРО құрамындағы барлық дерлік елдерде ұлттық рух қоғамда өсе бастады. Ол әсіресе этникалық қатынастар барысында айқын көрініп тұрды. 15 одақтағы(бодандықтағы) ұлттар әне-міне халықтар түрмесінің құлайтынын сезгендей еді. Ол өз кезегінде түрлі қақтығыстарға әкеліп жатты. 

1990 жылы Қырғызстанда сұмдық жағдай орын алды. Ош қаласында сол уақытта екі бірдей ұйым белсенді қызмет етті. Олар өзбек мәдениетін, дәстүрін, тілін сақтауға ұмтылған "Әділет" ұйымы, ал екіншісі қырғыз жастарын баспанамен, жермен қамтамасыз етуге ұмтылған "Ош аймағы" ұйымы еді. Екі ұйымда да ұлттық көзқарас басым болды. 90-жылы "Ош аймағы" ұйымы қырғыз жастарына жер алып беруді көтерді. Олар Ленин колхозына тиесілі жерді қырғыз жастарына баспана салу үшін алмақ болды. Ал ол колхозда негізінен өзбектер жұмыс істейтін. Ендігі таңда екі ұлт өздерінің құқықтары тапталып жатқанын айтып, митингтер өткізе бастады. Өзбек ұлтының кей өкілдері тіпті Ош аймағында автономия құру керектігін айтты. 4 маусым күні Ленин колхозында 2 мың қырғыз бен 10 мың өзбек жастары жиналды. Олардың арасында қақтығысты болдырмау мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрды. Алайда қақтығыс болып, 6 өзбек оққа ұшты. Сол күні күллі Ош аймағы бойынша сұмдық қырғын басталды. Өзбектер мен қырғыздар өзара қанды сойқан бастады. Үйлер өртеліп, көліктер талқандалды. 4-6 маусым аралығында үш күн бойы нағыз этникалық соғыс болды деседе болады. Ресми дерек бойынша 1200, ал бейресми 10 мың адам қаза тапқан. Сұмдық.

Саяси тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл қақтығысқа басты себеп бір мемлекеттегі екінші ұлттың бір аймақта тығыщүз орналасуы болатын. Әрине, Орталық Азияда бөліп алып, билеу саясатын ұстанатын Ресейдің арнайы қызметтері де отқа май құю процесінде барынша белсенді болған шығар. Кім білсін?

Қазақстан бұл оқиғадан сабақ алуға тиіс. Еліміздің көптеген аймақтарында өзге ұлт өкілдері тығыз орналасып тұратын елді-мекендер бар. 80-90 пайыз тек қана өзбек, орыс, дүнген, ұйғыр, тәжік немесе т.б ұлттар тұратын ауылдар көп. Әрине ол тәуелсіз Қазақстанның кінәсі емес. Ол КСРО-ның сұрқия саясаты мен күштеп қоныс аудару салдарынан орын алған жайт еді. Енді біздің билік осындай аймақтарда барынша қазақыландыру саясатын жүргізу керек. Мысалы солтүстікке халықты жаппай көшіруді іске асыруда. Бұл саясат маған ұнайды. Сонымен қатар, өзге ұлттардың саны басым ауылдар мен аудандарда да қазақ санын арттыру керек. Ондай шаралар әсіресе шекара маңындағы ауылдар мен аудандарда бірінші кезекте іске асуы тиіс. Ол үшін елге оралған қандастарға барынша жағдай жасап, сондай әрекетке бару керек деп санаймын. Бұл әрине қаржыны талап етеді, бірақ оның ұлттық қауіпсіздік үшін маңызы зор. Шекара маңындағы барлық елді-мекендерде 80-90 пайыз қазақ тұрғанда, біздің ұйқымыз тыныш болады.


Асхат Қасенғали

Пікірлер(0)

Пікір қосу