Халыққа төрт ғасыр қызмет еткен Түркістандағы Шығыс моншасы

16 Маусым, 2019 559

Түркістандағы Шығыс моншасы бірі білсе, бірі білмес халыққа төрт ғасырдай  қызмет етіп тұрды. Оны Түркістан уақытша Бұқара хандығына өткен тұста ХҮІғ. (1583-1598ж.) Абдолла хан ІІ салдырған.  Түркістандағы шығыс моншасы ортағасырлардағы халқы тығыз қоныстанған Ескі Түркістан қаласының (ХҮІ-ХХғ.) ортасында, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік шығысында 80м. қашықтықта орналасқан. Зерттеушілердің пікірінше, монша 1580-1590жж. келетін зияратшыларға арнайы дәрет, ғұсыл алып кіру үшін салынған.

Ортағасыр хас шеберлерінің озық тәжірибесі көрініс тапқан шығыс моншасы - жартылай жер астына орналасқан көп күмбезді құрылыс. Жалпы аумағы 15-17м., биіктігі 4,8м., қабырғаларының қалыңдығы 1м. Сыртқы беті өрнексіз, біркелкі 25х25х5см күйген кірпіштен салынған. Ертедегі 7 бөлмеге кейіннен қосылған кіреберіс бөлмесі мен ашық айуаны бар 9 бөлмелі моншаның әрқайсы әртүрлі қызметке арналған. Онда дәліз, орталық жуыну, ыстық және салқын су, массаж бөлмелері мен гигиена бұрыштары және кейіннен қосылған кіреберіс бөлмесі мен ашық айуаны бар.

Дәліз – киініп-шешінетін ертедегі кіреберіс бөлме. Бөлме құрылысының ерекшелігі - Орта Азиялық кірпіш қалау әдісі «балхымен» кірпіштерді тік қалау арқылы, төрт «желкеннен» тұратын күмбезді барабан немесе арка қолданбастан төрт бұрышты қабырғаның үстіне  орнатқан. Басқа бөлмелермен салыстырғанда, жоғарыдағы жарық түндігі  үлкенірек, себебі тыныс алуға ауаның  еркін алмасуы үшін қолайлы етіп салынған болуы керек. Дәліз және моншаның қалған бөлмелерінің едендері мен отыруға арналған софаларына тұтас мармар плиталар төселген. Сырттан жағылған оттың түтіні осы тастардың астындағы жолдармен жүріп барлық бөлмелерге тарап едені мен софаларды қыздырған. Суыған түтін жоғарғы жақтағы түтікшелер арқылы сыртқа шыққан.

 Орталық жуыну бөлмесі – ортасында 8 қырлы софасы бар, 8 бұрышты ең үлкен бөлме. 8 қырлы қабырғалары жоғары  қарай күмбезге жалғасады. Монша сыртынан  қарағанда әуелі көзге түсетін осы жуыну бөлмесінің күмбезі. Күмбездегі диаметрі 40 см-дей түндікпен қатар, күмбездің оңтүстік жағынан  және қабырғаның солтүстік жағынан қойылған 2 кіші терезесі бөлменің ауасын тазартумен қатар, ішке жарық түсіріп тұрады. Бұл бөлмеден айнала басқа бөлмелерге өтетін есіктер тарайды. Мұнда да айнала отыруға арналған мәрмәр софалар орналастырылған. Софалардың төменгі жағынан лас су ағатын темір тесіктердің біреуін  көру үшін ашық қалдырып қойған. Дәлізден орталық жуыну бөлмесіне кірген бойда еденге төселген ертеден қалған жалғыз мармар плитаны көруге болады. Монша ішінен әр ғасырларға жататын мыстан жасалған ыдыстар –шелектер, құмғандар және шылапшындар да бар. Мұндағы мармар тастар мен мыстың антибақтериялық материалдар екенін ескерсек, моншаның қаншалықты деңгейде таза болғанын және антисанитария жағдайларына қаншалықты мән берілгенін білуге болады. Жылу әуелі ыстық бөлме арқылы осы бөлмеге келіп, ары қарай басқа бөлмелерге тараған. Бөлменің биіктігі 4,8м

Ыстық су бөлмесі – монша ошағына жақын орналасқан ең ыстық бухана есебіндегі бөлме. Арнайы қойылған қазан арқылы сырттан жағылатын оттан ысыған суды ожаумен алуға ыңғайлы етіп ойық жасалған.

 Дәлізден кірген адам буханаға кірмес бұрын алдымен орталық бөлмеде шамалы уақыт отырып, денесін дайындайтын болған. Бұл, бірден ыстық бөлмеге кіргеннен қан қысымының көтеріліп кетпеуі үшін жасалған. Мұнда кірген соң екі-үш адам еркін жайғаса алатындай етіп жасалған үлкен софаға жайғасып бу қабылдаған.  Адам денесінен көптеп тер бөліну нәтижесінде зат алмасу, қышқылдану процесінің күшейетінін, денеден шлақтың шығатынын сол уақыттарда да терең ұғынған.  Бұл бөлмеде де мыстан жалаған көзе мен шылапшындар қойылған.

Салқын су бөлмесі – ыстық бөлмемен қабырғалас орналасқан салқын бөлме. Бөлмеге кіретін бұрышты созылыңқы есік ойығы суық ауаның орталық бөлмеге тікелей ұрмауын қамтамасыз етеді. Мұнда да бірнеше ыдыстар тұр. Монша ішіндегі айрықша әсер қалдырып, көз тартатын бөлме.       

Бір таңқаларлығы, қазіргі кезде от жағылмай, күн сәулесі екі бөлмеге бірдей түсіп тұрғанның өзінде екі бөлменің температурасы екі түрлі. Шығыс моншаларында мұндай ыстық және салқын бөлмелердің қатар қарастырылған себебі – моншаға келушілер ыстық бөлмеден кейін салқын бөлмеге кіріп денені ширатып, шынықтыратын болған. Екі бөлмені кезек-кезек қабылдаудың       себебінен дене жасушалары тітіркеніп, имунитеттің күшеюін қамтамасыз етсе,  қан тамырларының кеңеюі жүрек соғуын жеңілдеткен. Моншаның  ішікі құрылысына мән берер болсақ, еш бір бөлмелесінің есігі жоғын көреміз. Солай бола тұра температуралары араласпаған. Бұл өткелдердің төмен етіп жасалғанынан және жоғарыда айтылғандай дәлізден орталық бөлмеге және орталықтан салқын бөлмеге кіретін есік өткелдерінің ұзын және сынық етіп жасалуынан. Белгілі мөлшерде бұған монша  қабырғаларының қалындығы да әсер еткен. 

Массаж немесе уқалату бөлмесі – орталық жуыну бөлмесінен кейінгі ең үлкен бөлме, өйткені бұл бір уақытта бірнеше адам қатарынан массаж жасатуға арналған. Бөлменің биіктігі 4,4м. Бұл бөлмеде софалардың орнатылмауы массажды, астынан жүргізілген жылу жүйесі арқылы  қызып тұрған плиталардың үстінде жасалғанын көрсетеді. Шығыс моншаларының ішінде масаж жасайтын анайы қадымшы деп аталатын адамдар  жұмыс істейтін болған. Бұл кәсіп атадан балаға қалып отыратын өнер болып табылып, бір әулет тек массажбен айналысқан. Екі  бөлмеге кезек-кезек түсуден ширап, массажға ыңғайланған денені қадымшылар уқалап қан айналуын жақсартқан. Бұдан моншаның тек жуынатын орын ғана емес, белгілі мөлшерде денсаулықты да қалпына келтіретін жер екені аңғарылады.

Тазалық бұрыштары - орталық жуыну бөлмесінің оң жағынан жасалған көлемі 1х1м. ерекше қуыс бөлмелер. Едені биіктеу жасалғандықтан лас су бөлменің ортасындағы арықша бойымен әуелі орталық бөлмедегі еңкіш едендерге ағып, сонан соң темір торлардан сыртқа кететін болған. Бұл  екі бөлмеде адамдар оңаша отырып, қырынып, тырнақ-шаштарын қырқып тазаланған. Ашып-жабуға жоғарыдан түсірілетін ши есіктер қолданған. Бұл бөлмелерде де гигиеналық құмғандар мен кішкене шылапшындар қойылған. Мұндай бөлмелер, бізден бір неше ғасыр бұрын өмір сүрген адамдардың мәдениетінің қандай деңгейде болғанынан хабар береді.   

Моншаның бұл бөлмелерінің бәрінің едендеріне көлемі 1,5х0,8м. болатын мәрмәр плиталар төселген. Бұл жаңа плиталар әуелгі (ХҮІғ.) мәрмәр плиталардың орнына төселгенін орталық бөлмедегі ескі мәрмәр плитаға қарап білуге болады. Қабырғаларының құрылысын көрсету мақсатында моншаның ішкі жағының сылақтары бұл күнде аршылып тасталған.

Мұндағы ерекше назар аударарлық нәрсе – моншаның еденінің астымен жүргізілген жылу жүйесі. Моншаны жылыту плиталардың астындағы өлшеніп, дәл ретпен қойылған тастардың арасындағы түтін жолдарымен өтетін ысытылған ауа, яғни сырттан жағылған пештің жылуы арқылы іске асқан.

        Мұндағы моншаға жалғасқан ашық айван, төбесі жабылып, айналасы ағаш тормен қоршалған қазіргі тілмен айтқанда бастырма ХХғ. қосылған. Моншадан кейін шәй ішу үшін салынған болуы керек. Моншаға ерекше сән беріп тұрған күмбездермен қатар осы бастырма.

Ал кіреберіс бөлме моншаға адамдарды қабылдау үшін салынған. Мұнда монша жайында көп мағлұмат беретін планшеттер мен суреттер ілінген: ортағасырлардағы (ХІғ.) моншаға түсу ережесі (үзінді), монша құдіреті, шығыс моншасы жайында екі (қазақ және орыс) тілдегі текст, моншадағы жылу жүйесінің жүйесі, монша бөлмелерінің көрінісі. 

Жартылай жер астына орналасқан монша қабырғаларын анық көрсету үшін бертін келе қазылып, аршылғанын айналасындағы жер биіктігінен көруге болады.

80-ші жылдары Алматыдағы «Арасан» емдеу-сауықтыру орталығының ең күрделі жобасы осы  «Шығыс моншасының» үлгісі бойынша салынғандығы мәлім. Дәл осы үлгідегі моншалар Ташкентте, Бакуде, Венгрияда және Түркияда кездеседі.      

Ұлы сәулетші Корбюзенің айтуынша «архитектура – сана-сезімнің, ой-дүниесінің айнасы, яғни жиынтығы». Шынында да бұл моншаға бір кіріп көріп шыққан адам орта ғасыр шеберлерінің өз кәсібін жоғары дәрежеде меңгергендігін, даналығын таниды. Мұндағы, табиғаттың өз кұбылыстарын шебер пайдалана алу арқылы ерекше технологиямен жасалған кірпіштен қаланып, сан ғасырлар бойы қабырғалары мызғымай, кумбездері берік  қалануы, еден астынан жүргізілген жылу жүйесі, есіксіз әр бөлменің температурасы әртүрлі сақталуы, моншаның өте ұзақ уақыт жұмыс істегені сөзсіз, сол кездегі нағыз ғылымның  зор жетістігін көрсетеді.


Дайындаған: Рысгүл Досжанова

Пікірлер(1)

Гулжан (2019-06-16 23:33:59)

Монша сөзі кайдан шыккан?Бірде Ахмет Яссауи кесенесінде туристерге таныстырушы кыз.Монша деген айел аты.Осы моншаны сол салгызгандыктан атын берген деп еді.Сол каншалыкты рас???

Пікір қосу