Герольд Бельгер: Қазақтың одалары мақтаған адамын тірідей көрге тығады

23 Маусым, 2019 157

«Қазақ» газетінің №9 (2 наурыз, 2007 жыл) санында Ханбибі Есенқараеваның «Маңғыстау мақамдары» басылыпты. Екі өлеңге баса назар аудардым. Біріншісінің аты - «Әбіш аға». 28 жол. Басы былай:

Елге шықсаң – ұлансың,

Тауға шықсаң – қырансың.

Талға қонсаң – бұлбұлсың,

Тасқа салса – талдырып,

Шынары боп шығарсың.

Сезіктенгендей болдым. Өлеңнің орта тұсы:

Шарболаттан құйғандай,

Тұлғаң толған имандай.

Он сегіз мың бұл ғалам

Құшағыңа сыйғандай.

Ойланып қалдым. Апырай бұл көне қиссаның әуені ме, батырлар жырының хикаясы ма? Өлеңнің атына қайта қараймын. «Әбіш аға». Демек, бәріміз білетін, бәріміз сыйлап, құрметтейтін Әбіш Кекілбаев болды ғой. Сонда... мұндай сөзді қалай айтады? Автордың өзіне де, арнау обьектісіне де ыңғайсыздау емес пе? Достардың арасында, дастарқан басында екі-үш рет «тәшлап алғаннан» кейін айтса – бір сәрі. Жоқ, газеттің бетінде тасқа ойғандай бадырайып тұр.

Е-е... ода ғой. Қазақтың біраз ақындары осы бір мадақ жанрды жағалап жүргені қашан! Кез келген той-домалақта құшақ-құшақ арнау өлең оқиды. Кілең ода, кілең мадригамен ондаған жылдар бойы «жарқырап» жүрген ақындарды білемін. Сонысымен ел қатарында. Кәсіп қылған. Сән көреді. Оданың майталман шеберлері Ломоносов, Державин, Сумароков, Тредиковский дегендеріңіз далада қалған. Ол одалардың қоғами, саяси астары болушы еді. Қазақтың одалары мақтаған адамын тірілей көрге тығады. Одалар көбінесе өлең түрінде жазылушы еді, енді жуандығы төрт елі одалы романдар пайда болды. Атының өзі адамды есеңгіретіп жібереді.

Қазіргі сенатор Әбішті мен 43 жылдан бері жақын білемін. Қадірлеймін, сыйлаймын, түсінемін. Интеллектуалдық талант-қабілетін өте жоғары бағалаймын. Көптеген шығармаларын әлімше орысшаладым да. Шығармашылығы жайында әлденеше рет жаздым да. Соған қарамастан, «қырансың», «ұлансың», «бұлбұлсың», «дүлдүлсің» т.с.с көк езу, көпірме теңдеулерді айтуды ұят санаймын. Маған ол мәдениетсіздік болып көрінеді. Әлде солай айту үшін қазақ болып тууым керек пе еді?

Аталмыш топтаманың ішінде Ханбибінің тағы мынадай өлеңі жүр:

Мен Абайды көрмедім,

Бірақ оны сен дедім...

А-а-а?! Қалай-қалай көсіледі! Е-е, бұл кім болды екен, Абайдың өзін еске түсірген? Сүйтсем тағы да Әбіш екен.

Әуезовты көрмедім,

Бірақ оны сен дедім.

Әбіш деген асылмен

Жасадым бір ғасырда

Деген ойға сенбедім!

Пай-пай! Бұдан асырып, қалай айтарсың?! Бірақ... сенбегені қалай? Асылмен бір ғасырда жасаған ақынның өзі де асылмын деп меңзеп тұрған жоқ па?

Кеудеңе күн толған соң

Жазығы жоқ елестің,

Сен аяулы болған соң

Ұлы кешке ілестім.

Пәлі! Ұлы көштен қалмағаны абырой болған.

Мырзайырда мығым боп,

Жақсылармен кеңестім.

Жалғыз-жаяу келді деп,

Шеттетпеді мені ешкім!

Көзіңдегі кеңдікті,

Кеудеңдегі ерлікті,

Аузыңдағы бірлікті,

Артыңдағы тірлікті

Айыруға ақыл мен

Сана керек бір мықты!

Жағамды ұстадым. Мұны түсіну үшін, шынында да, «сана керек бір мықты».

Әлбетте, осы тектес шумақтар басқа ақындарда да аз кездеспейді. Жалғыз Ханбибі емес. Неге екенін білмеймін, мықтыларға арнап ода жазуға әсіресе әйелдер қауымы әуес. Дүниеауи мәселенің бәрін одамен шешеміз деп ойлай ма екен әлде? Ондай өлеңдерді естіп те, оқып та жүрмін. Не деуге болады? Мәдениетінің, сөз талғамының, дүниетанымының деңгейі осы болғаны да...

Сол топтамада Фаризаға арналған «Хат» деген өлең бар. 68 (!) жол. Соңғы шумағы:

Нысанаң боп кең жазық,

Жарқылдашы, жақұтым!

Тек өзіңнен көз жазып

Қалмау – менің бақытым.

Не деуге болады? Сол «хатты» газетке жарияламай-ақ, поштамен Фаризаға тікелей жолдауға болмас па еді? Фариза мен Әбішті қайдам, өзім бұл жолдарды оқығанда екі құлағым дуылдап, ұялып қалдым. Құдай біледі, бұл екі азамат (Фариза мен Әбішті айтамын) мұндай мадаққа зәру де емес шығар. Әлде қазақтың терісі қалыңдау, көнбістеу ме? Мақтауы жетпей жата ма? Көзіңді бақырайтып қойып, аспандата бере ме? Шортым білсін бе?!




Герольд Бельгер. «Қазақ дәптері»

Пікірлер(0)

Пікір қосу