Арыс апатына арналған өлеңдер топтамасы

25 Маусым, 2019 303

Арыс қаласында орын алған жарылысқа байланысты халықтың қайғысын қазақ ақындары өлеңмен бөлісіп, жырымен жеңілдетуге аянып қалып жатқан жоқ. Осыған байланысты Turkistan.kz порталы Арыс апатына арналған топтаманың бір бөлімін оқырман қауымға ұсынып отыр.  



«Если я не выживу, то...»


Нұрыңа көз қарауытып

Болдым қалай Мәжінүн?!

Зәуде шақта зауал ұшып,

Алқымымнан ала қысып

Тәңірімді таныдым.


Көк дегенім көр боп шықты,

Көл дегенім көз боп шықты жас толы.

Масқара жоқ, Махаббат бар,

Мазақтадым, көтермедім таққа оны,

Мансұқ қылдым майданқұмар әскерін...


Содан болар, бәрі қашты сенімнен,

Көз жасы боп шашырады көп үміт.

Мынау менің бауырым ба егілген?

Анау менің ауылым ба көрінген

Етегі жас, басы тұман, көзі бұлт...


Нұрыңа көз қарауытып,

Болдым қашан Мәжінүн?

Ақылың боп жаратылып,

Ашуың боп жарылдым.

Кешірші енді

Көзімнен қан ағызсаң да,

Өзегіме у тамызсаң да

Сенсің менің Тәңірім!

Сен ғой менің Тəңірім!!!


«...Родители, я вас люблю!»

Айдана Қайсарбекқызы



***

Төбесі ашық қалған "оқ қорамның", 

Аптабында даламның отқа орандым.

Алты арысым сергек  бол – Алты алашым, 

Бәрінен аман өткен көп "боранның".


Қайран менің қазағым,  арманы көп, 

Қайран менің тозағым,  саңлауы жоқ.

Бес саланың сыздатты сай сүйегін,  

Бес баланы жалмаған жалмауыз өрт.


Қайсар елім,  жер еміп,  малын баққан,

Дәуір мынау сақтан деп дабыл қаққан.

Бұл қазақтан қандай жау именеді, 

Зеңбірегі далада жанып жатқан?!


Өзен,  көл көкірегін өксік алған, 

"Ертең, ерең,  ертең" деп өтті жалған.

"Күн сөнгенше сөнбейік" деп жүргенде, 

Күн көзін көрмей қалдық көк тұманнан.


 Құдайым, күш-қуат бер Алашыма, 

Алашым өртенуде ар отына. 

Әлемде бізден ұлы халық жоқ-ау, 

Сабырменен түсетін сабасына.


Көз жасынан жасалған өзеніңнің

Жағалауын жабығып кеземін мың.

Қағанатым ғаламат күнге жетер,

Өзегі аман болсын Өз елімнің!

Әділет Ахмет


Отшашу

Мереке сайын

анама отшашу алып бер деп жылайтын күндерді қалай ұмытайын?

Түсімде көрген құмырсқаны бақытқа жорып,

Ертесіне илеуіне су толтырып ойнайтын балалық шағым да есімде.


Қанатын өрт шалған бейшара құстар айнала ұшып,

түнгі аспанды тіліп

жұлдыздай ағып түсетін.

Илеуін су басқан құмырсқа

босып бара жататын

белі үзілсе де,  үміті үзілмей.


Сонда деймін

әлдекім отшашу шоғына алақанын жылытып,

Топыраққа сіңіп бара жатырған суға ерінін жібітіп

үлгеретін еді ғой.


Әлі де

мереке сайын отшашу атқым келеді,

құлап түскен жұлдыздарды көтермекке биік.

Әлі де

мереке сайын отшашу атқым келеді,

 қараңғылықты жарып өтпекке

үй шатырының жанына қалған ұйып.


Бірақ тағы да

құстар тас төбемнен жұлдыздай ағып бара жатады

ұясынан жыраққа...

Аслан Қуанышұлы



***

Оқты көрдім тереземде жарылған,

Отты көрдім керегемде жағылған.


Көкті көрдім найзағайы шағылған,

Көпті көрдім жалаңаяқ сабылған.


Ана көрдім сəбиінен айрылған,

Бала көрдім құсалықтан қайғырған.


Ерді көрдім еңкейгенге қарасқан,

Елді көрдім ынтымағы жарасқан.


Көрген көзім жасқа толды,

Бұладым!

Жылап тұрып жұртқа амандық сұрадым!

Серік СЕЙІТМАН


АУЫР

Уа, Алашым, Арысым,

Ақсүңгілі намысым.

Жауап берер кез келер

Осылардың бәрі үшін...


Уа, Қазағым қайғылым,

Жасымасын айбының.

Бәрі өтседе зымырап,

Табы қалар қайғының.


Уа, ұлықтар төрдегі,

Сезім қалай сендегі?

Оянсаңшы қанеки,

Жағдай қалай елдегі?


Оян қазақ жасыма,

Не келмеді басыңа?

Сабыр берсін сіздерге,

Сынақ шығар осы да?



***

Қайран да менің Арысым,

Қара бұлт, түнек аспаны.

Жаңғыртып оқтың дауысын,

Жер мен көк шулай бастады.


Күйімді кімдер ұғынбақ,

Күйініш көрсе көш мына.

Шарана сəби шырылдап,

Жаралы халқым босты ма?


Ақшулан, ашық аспанның,

Жарылып жатыр қабағы. 

Бөлініп беті тастардың,

Жаулады үрей даланы.


Жұртыма сабыр бер, Алла,

Ашылсын елдің тынысы.

Бейбіт күн, бізге кел, орна.

Естілмей оқтың дыбысы.

Б.Ахмер

Пікірлер(0)

Пікір қосу