Арыстықтар наразылық шеруге шықты: АРЫСТАН БАСҚА ЖАҚҚА КӨШІРІП, ЖЕР БЕРІҢДЕР!

27 Маусым, 2019 294

Turkistan.kz ақпараттық порталы хабарлайды. 

27 маусымда Шымкентте таңертеңгі сағат 11:00 шамасында "Ақмешіт" алдындағы Темірлан көшесін Арыс тұрғындары наразылық шеруге шығып, көше қозғалысын тоқтатты. Дәл осы аумаққа әскери қоймадағы жарылыстан кейін ішінара бүлінген Арыс қаласының кейбір тұрғындары уақытша орналасқан еді. Үш күннен бері қаладағы үйлеріне қайта алмай жүрген тұрғындар " Арыстан басқа жаққа көшіріп, жер беріңдер!" деп талап етті.

 

БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, мешіт маңында шамамен 200-300 адам жүр. Оқиға шиеленісуіне орай, облыс әкімінің кеңесшісі Сәдібеков мырза келіп, түйткілді мәселені шешемін деп ашуға бой бергендей болды. Наразыларға "Қазір Арысты жарылғыш заттардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр, апта аяғына дейін үйлеріңізде қайтасыздар" деп тұрғындарды сабырға шақыруға тырысты. Естеріңізге сала кетейік, Арыстағы оқиғаға байланысты соңғы жаңалықтарда осы аптаның соңында тұрғындар толықтай үйлеріне қайтады деп хабарлаған болатын. Бірақ, кейбір тұрғындар "ол жаққа бармаймыз, басқа қауіпсіз жаққа көшіріңіздер" деп наразылық білдіріп жатыр. Әскери қызметкерлер де, Арыс қаласының әлі күнге дейін қауіпті екенін айтуда. Сәдібеков тұрғындарды мешіт ішіне кіріп, ғимарат ішінде мәселені талқылауға шақырдғанымен, өкпесі көп тұрғындар бұған келіспеді. Нақты жауаптың өзін алу үшін Арыстықтар қала әкімі мен облыс әкімінің өзі келуін талап етті.

 

Шамамен 50 минуттан соң оқиға орнына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов келді. Ол "бір күн ішінде қалаға 45 мың тұрғын келгенін, олардың мәселесін шама-шарқынша шешуге тырысатынын" айтты. "Бірнеше күннен бері сабылып жүрміз, неге көмек жоқ?" деп ашынған тұрғындарға ол "Айғайласақ баспана береді деп тұрсыздар ма? Тынышталыңыздар!" деп зеки сөйледі.

Кімнің ашуы қаншалықты екенін әзірге айту қиын, бірақ оқиға барысын түгелдей полиция қызметкерлері бақылауға алып отыр.

Пікірлер(0)

Пікір қосу