Үй күтіміне қатысты кеңестер

06 Наурыз, 2019 228

Қарапайым заттарға басқа жағынан қарап, олардың басқа қырларын тапса болады. Кейде осындай кеңестер кәдімгі үй шаруаларында пайдалы бола алады. 

Тырнаққа арналған лактың аты айтпақшы, ол тырнақ бояуға арналған. Алайда арулардың сұлулық құралын басқа мақсатпен қолдануға болады екен. Лакпен кейбір заттарға белгі жасаса болады. Мысалға, әуежайда жол сандығыңызды шатастырып алуға қорықсаңыз, оның шетіне қанық түсті лакпен бірнеше белгі салыңыз. Лак көмегімен жай стақаннан ас үйде сондай қажет өлшеуіш стақанын жасауға болады. Түссіз лактың пайдасын ерекше атап көрсетсе болады. Түйменің түсі кір жуғанда кетпес үшін, оны түссіз лакпен бояп қойыңыз. Әшекейіңіздің кішкентай тасы түсіп қалды ма? Оны қайта желімдегенше түссіз лакқа отырғызыңыз. Шұлықтағы сызықтың тарқатылуын түссіз лакпен тоқтатуға болады екен. 

Қаңылтыр қағаз әр ас үйде табылатын болар. Аспаздықта қолданып үйренген қаңылтырды үй шаруасында да пайдаланса болады. Қасық-шанышқыларыңыз күмістен жасалынған болса, олар жататын қораптың түбіне қаңылтыр қағазын төсеп қойыңыз. Бұл күмістің қараюына жол бермейді. Егер күміс қасықтарды сирек қолдансаңыз, әр қасықты бөлек қаңылтырға орап қойған абзал. Қайшының жүзі өтпей қалса, онымен қаңылтыр қағазын кесіп жіберсеңіз жеткілікті. Ал айнаның бетінде қара дақтар пайда болса, артындағы күміс шаңдатуы тозып бара жатқан болар. Сол жерлерге қаңылтыр қағазын жабыстырып қойсаңыз, айнаңыз жаңарып қалады. 

Тұздың пайдасы мен үй шаруасында қолданылуы мүмкіндіктерінің кеңдігі жайлы бұрын-соңды көп айтқан едік. Әйтсе де, табиғи тұздың берер пайдасы бітер емес. Тұз кір жуғанда ақ заттардан терлегеннен қалған сары дақтарды жақсы кетіреді екен. Бір литр суда 4 ас қасық тұзды ерітіп, губка көмегімен дақты кетіріңіз. Ал стақан шетінде далаптан қалған іздерді тұздан жақсы кетіретін құрал жоқ.  

Ас содасы да әр үйде болғаны абзал. Соданы аспаздықта қолданып, бәліш пісірген бір бөлек. Маса не ара шаққан жерге сода сеуіп қойсаңыз, кейін жара қышымай, тез жазылады. Ал содамен жуылған шыны ыдыстарда дақ қалмай, жылтырап тұрады. 

Кофе қазірде әр ас үйде табылады. Ал одан кофе скрабын жасауға болатынын білесіз бе? Өзіңізге ыстық кофе жасап, қалған қоюын кәдімгі душқа арналған гельге қосыңыз. Кофе қоюын жинағыңыз келмесе, кәдімгі ұсатылған кофені қолданыңыз. Бұл скраб теріні түзулетіп, целлюлиттен де құтқара алады. 

Киімде дезодаранттан қалған дақтарды 100 мл суға ерітілген аспирин дәрісінің 2 данасы кетіре алады.  Спорттық киімдеріңіз салынатын сөмкеге немесе аяқ-киіміңізге бір-екі шай пакетигін салып қойсаңыз, барлық иісті сіңіріп алады. Жиһаздың сырылғанын кетіру үшін түйе жаңғағының дәнімен ысқылап жіберсеңіз болғаны. Балғамен жұмыс істеген уақытта шегені қысқышқа ұстатып қойыңыз – саусақтарыңыз аман болады. Пияз турамас бұрын, мұрындарыңызға мақта тығып қойыңыз. Сонда көзіңізден жас ақпайды. Суды тезірек суыту керек болса, оны дымқыл қағаз орамалға ораңыз да, мұздатқышқа салып қойыңыз. Үлкен ыдысты сумен толтыру керек болса, таза қалақты пайдаланыңыз.


Дереккөз: massaget.kz

Пікірлер(0)

Пікір қосу