Түркістандағы жаңа құрылыс жұмыстары таныстырылды

06 Наурыз, 2019 201

Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бері әртүрлі құрылыс нысандарының қажеттілігі артты. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «BI group» холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевпен кездесті.

«Қазіргі таңда «BI group» холдингі Түркістан қаласында 5 нысанның құрылысын жүргізуде. Олар: Облыстық әкімдік және басқармалар мен департаменттердің ғимараты, орталық стадион, Медиаорталық, «Астана» алаңы, «Ұлы дала елі» орталығы.  Облыстық әкімдік ғимаратын ағымдағы жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз, ал басқармалар мен департаменттердің ғимараттарын 2020 жылдың наурыз айында пайдалануға беретін боламыз. Стадион, Медиаорталық, «Астана» алаңы мен «Ұлы дала елі» орталығының құрылыс жұмыстары кесте бойынша жүруде», – деді Айдын Жұмаділұлы.

Кездесу барысында "Smart қаланың" жобасы таныстырылды. Цифрлы технологиялармен жабдықталатын аталған үйлер жаһандану заманының барлық талаптарына сай екендігі айтылды. Осыған байланысты облыс басшысы бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Түркістанда құрылыс жұмыстарын жүргізуші компаниялар тек пайданы ғана ойламай, елге сауапты істі де ескергені дұрыс. Қасиетті қаланы дамытуға үлес қосудың өзі үлкен игілікті іс. Бастысы, жаңа әкімшілік орталықтағы бой көтеретін ғимараттар уақытында аяқталуы тиіс. Сыртқы келбеті мен ішкі құрылымы заман талабына сай болуы керек. Ақылды қала жобасын алдағы уақытта қолға алып, серіктестік танытатын боламыз. Сондай-ақ, тиісті басқарма басшыларына инфрақұрылым мәселесін дер кезінде шешуді тапсырамын. Тұрғын үйлерді салуда барынша халыққа қолжетімді болу жағын басты назарда ұстауымыз қажет», – деді Өмірзақ Естайұлы.



Пікірлер(0)

Пікір қосу