Қазақстан Президенті Сингапур Премьер-Министрі Ли Сянь Лунмен кездесті

01 Қазан, 2019 126

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Премьер-Министрі Ли Сянь Лунмен кездесті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы екі елдің арасындағы қарым-қатынастың достық ниетке құралғанын атап өтті.

– Біз сіздің елді құрметтейміз. Бүгінгі Сингапурдың негізін қалаған сіздің әкеңіз Ли Куан Ю Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жақын достық қарым-қатынаста болғаны, оның 90-жылдардың басында Қазақстанға келгені есімізде. Екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастыққа берік негіз бар деп ойлаймын,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Сингапур Премьер-Министрі де екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты.

– Біз Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниеттіміз. Өзіңізбен Президент ретінде бірлесе жұмыс істеуге асықпын,– деді Ли Сянь Лун.

Тараптар екі жақты сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды арттыруды, сондай-ақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында қалыптасып келе жатқан өзара қарым-қатынастың көкжиегін кеңейту жайын атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Премьер-Министрін елімізге арнайы сапармен келуге шақырды.

– Біз сізді өзіңізге ыңғайлы кез келген уақытта күтеміз. Сіздің сапарыңыз өзара ынтымақтастықты дамыту үшін бірқатар нақты мәселелерді талқылауға жақсы мүмкіндік береді,– деді Қазақстан Президенті.


Пікірлер(0)

Пікір қосу