"Неге нәтиже жоқ?"- Сапарбаев әлем чемпионатынан соң спорт министрлігіне шүйлікті

03 Қазан, 2019 91

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жақында әлем чемпионаттарында өткен күрес, бокс, ауыр атлетика спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың көрсеткен жарыс қорытындысы бойынша кеңес өткізді.

Әлем біріншіліктерінде қазақстандық спортшылар бокстан – 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль; күрес түрлерінен – 3 күміс, 4 қола медаль және ауыр атлетикадан – 1 күміс медаль иеленді.

Жарыстардың қорытындысы және Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Ұлттық Олимпиада комитетінің хатшысы Сәкен Мұсайбеков, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, сондай-ақ, ұлттық құрама командалардың бас жаттықтырушылары баяндады.

Рамазановтың айтуынша, бүгінде Қазақстанның қоржынында 9 спорт түрі бойынша 20 лицензия бар, Олимпиадаға кемінде 100 лицензия жеңіп алу жоспарланған.

"Нәтижелер көңіл көніштерлік емес. Бокс бойынша жалпыкомандалық үшінші орынды алдық, ауыр атлетикадан – 12-ші, күрестен – 14-ші орындамыз. Тек боксшылардың жалғыз алтын медалі бар. Министрлік, Ұлттық Олимпиада комитеті, федерациялар мен демеушілер жеткілікті қолдау көрсетіп отыр. Онда неге нәтиже жоқ? Бейінді министрлік бұл жұмысты дұрыс үйлестіре алмай отыр.

Спорт – бүтін бір елдің имиджі. Токиода өтетін Олимпиада ойындарында жақсы нәтижелер көрсету үшін қателермен жұмыс істеңіздер. Уақыт аз қалды", — деді Б. Сапарбаев.

Пікірлер(0)

Пікір қосу